Грант өтеусіз негізде беріледі. Қаражатты жабдық пен мүкәммалды, ауылшаруашылық жануарларын және тұқымдарды сатып алуға, сондай-ақ үй-жайды жалға алуға жұмсауға болады.
Өтінімді әлеуметтік осал санаттардағы азаматтар: атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, қандастар, қоныс аударушылар, сондай-ақ асыраушысынан айырылған немесе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар бере алады.
Міндетті шарттар — үш жылдан аспаған «Бастау Бизнес» сертификаты және дайын бизнес-жоспар. Сонымен қатар, өтініш беруші жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе жеке кәсіпкер мәртебесіне бір жылдан аз уақыт ие болуы тиіс.
Жүйе ресми түрде жұмысқа орналасқан азаматтардың, мерзімі өткен несиелері бар адамдардың, мемлекеттік гранттар немесе микрокредиттер алғандардың және банкроттардың өтінімдерін автоматты түрде қабылдамайды.
2026 жылдан бастап қаражатты пайдалануға бақылау күшейтілді. Кәсіпкер 18 ай ішінде Карьерлік орталық арқылы кемінде бір тұрақты жұмыс орнын құруға және екі жыл бойы business.enbek.kz порталында тоқсан сайын есеп беріп отыруға міндетті.
Іріктеуді конкурс комиссиясы жүргізеді. Оның құрамы әр ағын алдында жаңартылады, отырыстар аудио және видеоға жазылады, ал тәуелсіз бақылаушылар қатыса алады.