Экономика

Қазақстан мен Ислам даму банкі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосады

Вице-премьер Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед әл-Джассермен кездесіп, инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

1 шілде 2026 · 18:16·Оқу: 3 мин

Қазақстан мен Ислам даму банкі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосады
Фото: TR Kazakhstan редакциясы
TR Kazakhstan редакциясыТілші·1 шілде 2026

Серік Жұманғарин ИДБ басшысына серіктестікті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс айтып, Қазақстан мен банк арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын атап өтті.

Соңғы үш жылда қаржылық өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді. 2024 жылы көлемі 1,1 млрд доллар болатын су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бағдарламасы басталды. Ақпан айынан бастап арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 1,3 млрд доллар тарту туралы негіздемелік келісімнің іске асырылуы басталды. Сондай-ақ «Қызылорда — Сақсауыл» және «Қызылорда қаласын айналып өту» көлік жобаларын қаржыландыру пысықталуда.

Серіктестіктің жаңа стратегиясы

Тараптар 2027–2032 жылдарға арналған серіктестік стратегиясын әзірлеуде, ол одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайды.

Мұхаммед әл-Джассер өзара іс-қимыл әлеуеті қазірдің өзінде іске асырылып жатқан жобалардан кеңірек екенін мәлімдеді. Банк қатысушы елдердің мәселелерін икемді шешуге дайын және ұлттық мүмкіндіктерді дамытуға ерекше назар аударады. Ол ИДБ жобалық қаржыландыруды, сақтандыруды және сауда қаржыландыру құралдарын біріктіре отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша интеграцияланған топ ретінде жұмыс істейтінін атап өтті.

Кеңсе ашу туралы ұсыныс

Серік Жұманғарин ИДБ-нің Астанада қосымша кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Алматыдағы қолданыстағы өңірлік хаб сәтті жұмыс істеп тұр, алайда ынтымақтастықты кеңейту орталық мемлекеттік органдармен, оның ішінде исламдық қаржыландыру тетіктері бойынша тығыз өзара іс-қимілді талап етеді.

Вице-премьер инфрақұрылым, азық-түлік қауіпсіздігі, су және табиғи ресурстарды басқару, сондай-ақ жасыл технологияларды енгізу салаларындағы жобаларды одан әрі бірлесіп іске асыруға үміт білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі форвардтық лизинг туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан 1995 жылдан бастап Ислам даму банкінің мүшесі болып табылады. Алматыдағы өңірлік кеңсе 1997 жылы ашылған және банктің Шығыс Еуропа, ТМД, Моңғолия және Қытай елдеріндегі қызметін үйлестіреді. Ынтымақтастық кезеңінде жобаларды қаржыландыру және техникалық көмек көлемі 4,2 млрд доллардан асты. Қазіргі уақытта су, көлік және индустрия секторларында бірлескен жобалар іске асырылуда.

Пікірлер